Түркістан облысына жаңа әкім тағайындалды
Бүгін 31 тамызда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеу Түркістан қаласына келіп, Түркістан облысының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиналысына қатысты.
Үкімет басшысы депутаттарға ҚР Президентінің облыс әкімі қызметіне Ұласбек Сәдібеков пен Дархан Сатыбалдының кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқып берді.
Әлихан Смайылов кандидаттардың әрқайсысының өңірді басқару үшін кәсіби тәжірибесі мол және қажетті құзыреттері бар екенін атап өтті.
Дауыс беру нәтижесі бойынша 286 депутаттың 200-і Дархан Сатыбалдының кандидатурасын жақтап дауыс берді, 86 депутат Ұласбек Сәдібековті таңдады.
Сессиядан кейін облыс активінің отырысы өтті. Жиында Әлихан Смайылов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығын оқып берді. Президент Жарлығымен Түркістан облысының әкімі болып Сатыбалды Дархан Амангелдіұлы тағайындалды.
Ел Президенті Шөкеев Өмірзақ Естайұлына аймақ басшысы қызметіндегі көп жылғы жұмысы үшін алғысын айтты.
Дархан Сатыбалды 1974 жылы Сарыағаш ауданында туған. С.Сейфуллин атындағы Ақмола ауыл шаруашылық институтын, Қазақ гуманитарлық-заң университетін бітірген. Мамандықтары: экономист-менеджер, заңгер.
Еңбек жолында ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі бөлім меңгерушісінің орынбасары, Шымкент қаласының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымдарында жұмыс істеген.
2018 жылы Шымкент қаласынан Сенат депутаты болып сайланды. 2019 жылдан бері Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарып келді.